Мемо Kz

Respublica партиясы мен Қазақстандағы жасанды интеллектті дамыту қауымдастығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

2025-08-28 10:37
Бүгін Астанада Respublica партиясы мен Қазақстандағы жасанды интеллектті дамыту қауымдастығы – заңды тұлғалар бірлестігінің кездесуі өтті. Кездесу барысында қауымдастықтың төрағасы Бақытжан Ешмұхамбетов пен партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандумның мақсаты – инновациялар, технологияларды дамыту және жасанды интеллект саласындағы озық тәжірибе мен білім алмасу.

Меморандум шарттарына сәйкес, тараптар бірлескен жобаларды құру және дамыту, өзара қолдау көрсету және ынтымақтастықты аймақтық және халықаралық деңгейде ілгерілету жөнінде міндеттемелер алды. Айдарбек Қожаназаров депутаттардың жұмыс тиімділігін арттыру үшін ақпараттық ағындарды өңдеу және негізделген шешім қабылдау арқылы жасанды интеллект негізінде «депутат көмекшісі» бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.

Талқылау барысында деректерді жинау, өңдеу және пайдалану процесін заң жобасы аясында реттеу қажеттілігі мәселелері қозғалды. А. Қожаназаров бұл бағыттағы жұмысты күшейтетінін атап өтті. Тараптар білім беру, денсаулық сақтау және киберқауіпсіздік салаларында бірлескен бастамаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Бүгінгі таңда қауымдастық Astana Hub-пен бірлескен жобаларды іске асырып жатыр, онда стартаптар экономикалық салада өз шешімдерін әзірлеп, енгізуде. Қауымдастық сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлер мен оқытушыларды оқыту үшін университеттермен тығыз жұмыс істеп, жасанды интеллект элементтерін жұмыс процестеріне енгізіп отыр.

А. Қожаназаров Respublica партиясы мемлекеттік саясаттағы тиімділік пен үнемділік мәселелерін көтеріп жүргенін атап өтіп, Қауымдастықпен серіктестік осы мақсаттарды жүзеге асыруда маңызды қадам болатынын айтты. Екі тарап та бұл әріптестік Қазақстандағы технологиялардың дамуы мен жетілдірілуіне елеулі серпін береді деп сенеді.